Алматыда соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне берілетін біржолғы жәрдемақы ұлғайды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қалалық мәслихатының VIII шақырылымының кезектен тыс XXIX сессиясында депутаттар қала әкімі Ерболат Досаевтың Екінші дүниежүзілік соғысының 80 жылдығына орай ардагерлерге берілетін біржолғы төлем мөлшерін 5 млн теңгеге дейін ұлғайту туралы бастамасын қолдады.

 Ұлы Отан соғысының ардагері Жеңіс күні
Фото: Александр Павский/ Kazinform

— Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагерлеріне біржолғы төлем 2 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін, ал тыл еңбеккерлеріне 50 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін артты. — 21 соғыс ардагеріне — 1 млн-нан 5 млн-ға теңгеге дейін, 6 149 тыл еңбеккеріне — 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейін беріледі, — деп түсіндірді Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов.

Шешімді барлық депутаттар бірауыздан қолдады.

Төлемді қаланың аудан әкімдіктері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның Алматы қаласы бойынша екінші деңгейдегі банктердегі шоттарына берген тізімдеріне сәйкес өтінішті талап етпей аударады.

Айта кетейік, қазір Алматыда 21 соғыс ардагері мен 6149 тыл еңбеккері тұрады.

Еске салайық, биыл алматылық ардагерлерге 2 млн теңгеден төленді.

Осыған дейін, Алматыда соғыс ардагерлеріне берілетін біржолғы төлем 5 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін екені туралы жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар