Алматыда соғыс ардагерлеріне берілетін біржолғы төлем 5 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда соғыс ардагерлеріне арналған біржолғы төлемдер 5 млн теңгеге дейін көбеюі мүмкін. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдерімен кездесу барысында мәлімдеді. 

ардагерлер
Фото: Kazinform

Қала басшысы Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагерлеріне біржолғы төлемді 2 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін, ал тыл еңбеккерлеріне 50 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін арттыру жоспарланып отырғанын айтты. 

«Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне біржолғы төлемдерді 5 млн теңгеге дейін арттыруға мүмкіндігіміз бар, тыл еңбеккерлеріне төлемді 100 мың теңгеге дейін жеткіземіз, яғни екі есеге арттырамыз. Сіздің өтінішіңіз негізінде келесі жылға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде мәслихатқа осындай ұсыныс енгіземіз», - деді Ерболат Досаев.

Айта кетейік, қазір Алматыда 31 соғысқа қатысушы мен 8 мүгедек ардагер тұрады.

Еске салайық, биыл алматылық ардагерлерге 2 млн теңгеден төленді.

Соңғы жаңалықтар