Алматыда су құбыры желілерін жөндеген компания лицензиясынан айырылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда тағы бір мердігердің құрылыс лицензиясы тоқтатылды.

құрылыс су құбыры
Фото: Алматы әкімдігі

Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасы мәліметінше, «СК MEGARON» ЖШС Б.Хмельницкий көшесінен бастап Тәжібаев, Бакинская, Физули көшелері арқылы Майлин көшесіне дейінгі, сондай-ақ Мыңбаев және Манас көшелеріндегі су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын орындаған.

— «Алатау ТН» ЖШС техникалық қадағалауының өтініші негізінде басқарма тарапынан мердігерге қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің сақталмағаны анықталды. Осыған байланысты «СК MEGARON» ЖШС-нің құрылыс лицензиясы кері қайтарылды, - делінген Алматы әкімдігі таратқан хабарламада.

Бұған дейін де Алматыда екі компания – «СК 7 строй» ЖШС және «AsiaMax» ЖШС құрылыс лицензияларынан айырылған болатын.

Еске салайық, оның алдында техникалық қадағалауды тиісінше орындамаған «Алатау сапа құрылыс» ЖШС аккредитациясынан айырылған еді. Ұйым қызметкерлерінің бақылауды дұрыс жүргізбегенінің кесірінен Яссауи мен Дастан көшелерінің қиылысында асфальт опырылған.

Сондай-ақ Аманжол көшесіндегі жол жабындысының шөгуіне жол берген «Аркада KZ» ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Соңғы жаңалықтар