Алматыда тағы бір заңсыз дүкен бұзылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Диваев көшесі, 21/1 мекенжайында орналасқан дүкен бұзылды. Бұл туралы Алматы қала құрылысын бақылау басқармасы өкілдері хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, жоспардан тыс тексеру барысында нысанның меншік иесі тарапынан жобалық-сметалық құжаттамасыз, сараптама қорытындысынсыз, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалаусыз салынғаны анықталды.
– Аталған заңбұзушылықтарға байланысты меншік иесіне қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, анықталған кемшіліктерді жою туралы нұсқама берілді, - делінген хабарламада.
Нұсқама талаптарын орындау мақсатында қазіргі уақытта заңсыз салынған нысан меншік иесінің күшімен толықтай бұзылды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Қажымұқан көшесі, 34 мекенжайында орналасқан азық-түлік дүкеніне қосымша салынған нысан бұзылғанын хабарлағанбыз.
Ал оның алдында Сейфуллин даңғылы, 518 мекенжайында орналасқан шағын маркет толықтай сүрілген еді.