Алматыда Төле би көшесінің бір бөлігі уақытша жабылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Төле би көшесін ұзарту жобасы аясында жүргізілетін құрылыс-монтаж жұмыстарына байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, 14 шілдеден 25 тамызға дейін Төле би көшесінің Әшімов көшесінен Алатау көшесіне дейінгі аралығында көлік қозғалысы толықтай жабылады.
— Бұл аумақты Сәбденов көшесі арқылы айналып өтуге болады, — делінген хабарламада.
Аталған учаскеде ескерту белгілері орнатылады. Әкімдік өкілдері жүргізушілерге жол жүру бағытын алдын ала жоспарлауды ескертті.
Айта кетейік, жол қозғалысына қойылатын шектеулер туралы барлық ақпарат @AlmatyJoly Telegram арнасында, әкімдіктің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында, сондай-ақ 2GIS және «Яндекс Карталар» сервистерінде жарияланады.
Еске салайық, бұған дейін алдағы жылыту маусымына дайындық аясында Алматының Медеу ауданында 1989 жылы пайдалануға берілген ұзындығы шамамен 350 метр жылу құбыры жаңартылатынын хабарлағанбыз.
Осыған байланысты 2026 жылы 13 шілдеден бастап Самал-2 шағынауданындағы Снегин көшесінің Меңдіқұлов бульвары мен Достық даңғылы аралығында автокөлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.