Алматыда тұман мен көктайғақ болады — ТЖД ескерту жасады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 10 желтоқсанда қар жауып, кей жерлерде тұман мен көктайғақ болады.

тұман
Фото: Артём Викторов / Kazinform

Қазгидромет болжамына сәйкес, таулы аудандарда қар қалың түседі, тұман мен көктайғақ байқалады. Желдің бағыты — солтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа ауысады, екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін.

Мұндай ауа райына байланысты Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерді көктайғақ кезінде мұқият болуға шақырды.

— Көлік жүргізушілеріне өз көліктерін ағаштардың, электр желілерінің және басқа да құлау қаупі бар конструкциялардың астына қоймауға кеңес беріледі, — деп хабарлады ТЖД.

Сондай-ақ құтқарушылар көктайғақ кезінде жарақат алу қаупін азайту үшін келесі қауіпсіздік ережелерін сақтауды ұсынды:

— Жолды тек жол жүру ережелеріне сәйкес белгіленген жерлерден кесіп өтіңіз;
— Әсіресе жолды кесіп өту кезінде мұқият болыңыз, бөтен нәрселерге (мысалы, телефонмен сөйлесу және т. б.) алаңдамаңыз;
— Әрдайым алдыңызға және аяғыңыздың астына қарап жүріңіз;
— Табаны жалпақ, сырғымайтын және бедерлі аяқ киім таңдаңыз;
— Қолдарыңызды қалтада ұстамаңыз — бұл тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі;
— Тротуарлар, аялдамалар, дүкендерге кіреберіс баспалдақтар — адамдар жиі құлайтын орын екенін ұмытпаңыз.

Еске салайық, Алматыда 8 желтоқсанда «қара жаңбыр» жауғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар