Алматыда жалған құжат бойынша 108 млн теңге зейнетақы артық төленген
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда әлеуметтік төлем мен жәрдемақы алатындардың саны 692 мыңға жуықтады.
Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу мен бақылау комитетінің Алматы департаментінің басшысы Мұрат Мұратбековтың айтуынша, биыл жарты жылда алматылықтарға бала туу мен бала күтіміне байланысты 16 107 жәрдемақы, 9 510 мемлекеттік базалық зейнетақы, жасына байланысты 8 661 зейнетақы төлемі, жерлеуге арналған 4 857 біржолғы төлем, мүгедектікке байланысты 1 945 жәрдемақы мен көпбалалыларға 1 926 жәрдемақы тағайындалған.
Оның ішінде әлеуметтік төлемдерді заңды негізде тағайындау мәселесі де назарға алынған. Цифрландыру мен бақылауды күшейту аясында департамент 7 мыңнан астам зейнетақы ісін тексерген. Соның нәтижесінде 82 жағдайда жалған құжатты пайдалану фактісі анықталып, артық төленген қаражат көлемі 108 млн теңге болды. Қазіргі уақытта оның 70 млн теңгесі бюджетке қайтарылды.
— Мемлекеттік бюджеттен бөлінген әр теңге заң бойынша оны алуға құқылы азаматтарға ғана берілуі тиіс, — деді департамент басшысы.
Еске салайық, Алматыда жұмыстан айырылуына байланысты төлем алатындар саны 60%-ға көбейген.