Алматыда жаңа стадионның болашақ бейнесі көрсетілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 45 мың көрерменге арналған стадион құрылысы жүріп жатыр.

Алматыда жаңа стадионның болашақ бейнесі көрсетілді
Фото: видеодан алынған скрин

Алматы қаласын дамыту орталығы қалада бой көтеретін стадионның ішкі және сыртқы бейнесімен бөлісті. Мегаполистің басты алаңы болашақта қандай болатыны бейнежазбада көрсетілген.

Еліміздің оңтүстік астанасында жаңа алаң салынатыны былтыр белгілі болды. Бастапқыда Алматы әкімдігі 35 мыңдық стадион салу жоспарланғанын хабарлады. Алайда кейін тұрғындар мен қоғам ұсынысы ескеріліп, алаң сыйымдылығы 45 мың орынға ұлғайтылды.

Нысан Құлжа және Талғар тас жолдарының арасында бой көтереді. Жобаны іске асыруға бөлінген аумақтың жалпы көлемі шамамен 32 гектар. Ол УЕФА-ның IV санаттағы талаптарына сай болмақ. Бұл халықаралық деңгейдегі футбол матчтары мен ірі спорттық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді.

Жоба аясында негізгі футбол аренасымен қатар жаттығу алаңдары, спортшылар мен командаларға арналған заманауи инфрақұрылым, жанкүйерлерге арналған аймақ, қауіпсіздік жүйелері және іргелес аумақты кешенді көріктендіру жұмыстары қарастырылған. Сондай-ақ мыңнан астам көлікке арналған автотұрақ та салынады.

Одан бөлек алдағы жылдары стадион маңында метро бекеті ашылуы мүмкін. Ол «Жібек жолы» бекетінен Алматы әуежайына дейінгі екінші метро желісінің бір бөлігі болады.

Бұған дейін Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов стадион салынып жатқан учаске 10 балдық аймақ болғандықтан, алаң жобасы Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтымен бірлесе пысықталып жатқанын айтты.

Еске салайық, жаңа стадионның құрылысын 2028 жылдың наурызында аяқтау жоспарланған.