Алматыда 35 мың орындық жаңа стадион қайда салынатыны белгілі болды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жаңа футбол стадионы салынады.

Алматыда 35 мың орынға жаңа стадион қайда салынатыны белгілі болды
Фото: Скриншот

Алматыда халықаралық деңгейдегі заманауи стадион бой көтермек. Жаңа арена 35 мың көрерменге есептеліп, УЕФА-ның 4-санат талаптарына сай келеді.

Жоба аясында жаттығу алаңдары, жанкүйерлерге арналған демалыс орындары, заманауи қауіпсіздік жүйелері және аумақты абаттандыру қарастырылған.

Стадион Құлжа мен Талғар тас жолдарының арасында, аумағы шамамен 15 гектар жерде салынады. Бұл аумақ болашақта қала үшін көлік-логистикалық хабқа айналады.

— Президенттің тапсырмасына сәйкес жұмысты жеделдетуіміз қажет. Келер жылы құрылыс-монтаж жұмыстары басталуы тиіс, — деді Алматы әкімі Дархан Сатыбалды.

Сонымен қатар 65 жылдан астам тарихы бар Орталық стадион сақталып, жеңіл атлетика инфрақұрылымы ескеріле отырып жаңғыртылады. Ол Алматы спорт тарихының бір бөлігі болып қала бермек.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда стадион құрылысы үшін жер телімдері мемлекет қажеттілігіне алынатынын жазғанбыз.

Сондай-ақ Алматыда қандай спорттық нысандар салынатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар