Алматыда жаңа туған нәрестелерді саудалау ісі бойынша тергеу жүріп жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы полициясы кәмелетке толмағандарды саудалау бойынша істі тергеп жатыр.

Алматыда жаңа туған нәрестелерді саудалау ісі бойынша тергеу жүріп жатыр
Фото: Report.az

Әлеуметтік желіде Алматы әуежайында шетелдік азаматтардың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Отбасылық жұп суррогат анадан туған нәрестелермен Қазақстаннан шығып кетуге тырысқаны айтылған.

Мұны Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

Алматы полиция департаментінің тергеу басқармасы бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 135-бабы 1-бөлігі (кәмелетке толмағандарды саудалау) бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.

— ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 24-бабында көзделген істің барлық мән-жайын толық, объективті және жан-жақты зерттеу талаптары қамтамасыз етіліп жатыр, — делінген хабарламада.

Ведомство Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жариялауға жол бермеу) сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары жария етілмейтінін мәлімдеді.

Ескес салайық, бұған дейін елімізде жыл басынан бері адам саудасына қатысты 285 қылмыстық іс тіркелгенін хабарлағанбыз. Оның 28-і кәмелет жасына толмаған балаларға байланысты.

Соңғы жаңалықтар