Алматыда және облыста қарызы бар тұрғындарың жарығы өшіріле бастайды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласы және Алматы облысында электр энергиясы үшін қарызы бар тұтынушыларға қатысты жарықты шектеу немесе толық өшіру шаралары қолға алынуы мүмкін.

р
Фото: Алматы әкімдігі

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның «Энергосбыт» филиалының мәліметінше, 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Алматы қаласы мен Алматы облысы тұтынушыларының электр энергиясы үшін жалпы берешегі шамамен 34 млрд теңгеге жеткен.

Компания өкілдері мұндай қарыздың жиналуы өңірдің энергетикалық жүйесінің тұрақты жұмысына қауіп төндіретінін айтып отыр.

– Төлемдердің уақытылы түспеуі электр энергиясын жеткізушілермен есеп айырысуға және энергия жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге қажетті қаражаттың жетіспеуіне әкеледі. Осыған байланысты 2026 жылғы 8 маусымнан бастап мерзімі өткен берешегі бар тұтынушыларға қатысты электр энергиясын беруді шектеу және (немесе) тоқтату шаралары басталады, - делінген хабарламада.

«Энергосбыт» филиалы бұл шаралар қолданыстағы заңнама мен электрмен жабдықтау шарттарының талаптарына сәйкес жүргізілетінін хабарлады.

Компания мәліметінше, Алматыдағы ең ірі борышкерлер қатарында бірқатар тұрғын үй кешендері мен шағынаудандар бар. Олардың ішінде:

• «Алма Сити» ТК – 306,2 млн теңге;

• «Шұғыла» ТК – 175,4 млн теңге;

• «Жас Қанат» ТК – 122,9 млн теңге;

• «Алатау Сити» ТК – 105,4 млн теңге;

• «Кристалл» ТК – 82 млн теңге;

• «Адель» ТК – 73,6 млн теңге;

• «Alem City» ТК – 71,6 млн теңге;

• «Qargaly City» ТК – 54,6 млн теңге;

• «12 месяцев» ТК – 48,6 млн теңге;

• «Мирас» ТК – 40,6 млн теңге.

Сондай-ақ тізімде Ерменсай ықшамауданы, Esentai City, Dragon City, «Дом на Абая», «Ожет», «Алтын Бұлақ-1», AFD Plaza, «Хан Тәңірі» және басқа да тұрғын үй кешендері бар.

Алматы облысында ең ірі қарыз иелері қатарында «Domus Qazagstan» ЖШС (93,5 млн теңге), «Newgen Electrical» ЖШС (67,3 млн теңге), «Semireche» ЖШС (36 млн теңге), «Exclusive Home 2» ЖШС (23,5 млн теңге) және басқа ұйымдар аталған.

Еске салайық, бұған дейін елде электр энергиясын тұтыну қаншалықты өскені туралы жазған едік.