Алматыда жауын-шашын мен су деңгейі көтерілуінің салдары қандай
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда кейінгі күндері нөсерлі жауын салдарынан өзендерде су деңгейі көтеріліп, сел қаупі күшейді.
Әсіресе, 1 шілде күні Үлкен Алматы өзенінде су деңгейі көтерілді. Сондай-ақ Ақсай өзені арнасынан шықты. Қала тұрғындары табиғи құбылыстың салдарымен әлеуметтік желіде бөлісіп жатыр. Мәселен, алматылықтардың бірі түсірген бейнежазбадан реконструкциядан өтіп жатқан Үлкен Алматы өзені арнасында гранит тастарға зақым келгенін көруге болады. Оған пікір жазған тұрғындар жылдары бойы мызғымас күйде болған өзен арнасының жаңғырту жұмыстарынан кейін жылдам бұзылып жатқанына наразылық білдірді.
Аталған жағдайға байланысты Алматы әкімдігі түсініктеме берді. Ресми жауапқа сәйкес, 1 шілдеде жауын-шашынның түсуіне байланысты Үлкен Алматы өзенінде су ағысы 8 м³/с-қа дейін күшейген. Өзендегі су деңгейінің көтерілуінен Торайғыров көшесінен төмен орналасқан учаскеде қолданыстағы гранит қаптамасының жекелеген элементтерінің бұзылуы байқалған.
— Мердігер ұйым жедел тәртіпте гранит қаптамасын бекіту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аталған гранит плиталар бұрыннан бар конструкциялар және жоба аясында оларды орнату жұмыстары жүргізілген жоқ, — деп түсіндірді әкімдіктен.
Сондай-ақ «№ 1 тұндырғыштан Абай даңғылына дейінгі Үлкен Алматы өзенінің арнасын жаңғырту» жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасып жатқаны, нысан пайдалануға берілмегені және тапсырыс беруші тарапынан әлі қабылданбағаны хабарланды.
— Осыған байланысты орындалатын құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасына, нысанның сақталуын қамтамасыз етуге және анықталған кемшіліктерді жоюға мердігер ұйым жауапты болады. Құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, нысан пайдалануға берілгеннен және қабылдау актісіне қол қойылғаннан кейін 3 жыл мерзімге кепілдік мерзімі белгіленеді. Осы уақыт ішінде мердігер ұйым туындаған ақаулар мен кемшіліктерді өз қаражаты есебінен жоюға міндетті, — деп нақтылады қала әкімдігінен.
Одан бөлек әлеуметтік желілерде Сайран көліндегі жағдай да жарияланды. Бейнероликтерден өзен ағысымен батпақ, лай және қоқыстың көлге келгенін көруге болады. Сонымен қатар жағалауда тас пен қоқыс жиналып қалған.
Еске салайық, Алматы облысында Ақсай өзені тасуынан су желісі зақымданды.