Алматыда желатин мен коллаген өндіретін зауыттың құрылысы басталды
АСТАНА.KAZINFORM - Түркиялық инвестициялық-өнеркәсіптік Iskefe Holding тобы тағамдық желатин мен коллаген өндіруге арналған өндірістік кешеннің құрылысын бастады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Жоба Алматы қаласында Iskefe Holding құрамына кіретін Halavet KZ еншілес компаниясы арқылы қолға алынып жатыр. Инвестицияның жалпы көлемі 60 млн АҚШ долларын құрайды, бұл шетелдік инвесторлар тарапынан Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетіне деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді.
Жаңа зауытта заманауи технологияларды қолданумен қатар, халықаралық сапа стандарттары мен экологиялық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып, тағам, фармацевтика және косметика салаларына арналған өнімдер өндіру жолға қойылады.
Ол Қазақстанның ішкі нарығын қамтамасыз етуге және экспортқа бағытталатын болады.
Инвестициялық жоба мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы тапшылықты жоюға, ішкі қосылған құнды арттыруға, сондай-ақ тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған.
Жобаның іске асырылуы өнеркәсіп секторын орнықты дамытуға және Қазақстанның экспорттық әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосады деп жоспарланған.
Айта кетейік, шетелдік инвесторлар Ақтөбеде алкогольсіз сусын өндіретін зауыт салады.
Түркістан облысында бидай өңдейтін замануи зауыт жаңғыртылып, іске қосылды.
Қазақстанда фармацевтикалық өнім шығаратын 4 зауыт салынады.