Алматыда жер сілкінісі кезінде дүрбелеңге жол берген бірқатар басшы қатаң жауапқа тартылды

АСТАНА. KAZINFORM – Алматы қаласындағы жер сілкінісі кезінде тиісті әрекет етпеген Төтенше жағдайлар министрлігі мен қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бірқатар лауазымды тұлғалары жауапқа тартылды.

жер сілкінісі
Фото: facebook.com/Асхат Қасенғали

 «Алматы қаласында жер сілкінісі кезінде бөлімшелердің тиісінше әрекет етпеу фактісі бойынша Төтенше жағдайлар министрлігі жүргізген қызметтік тергеу нәтижесінде 14 қызметкер қатаң жауапқа тартылды. Оның ішінде министрліктің 4 басшысы, сондай-ақ олардың 5 орынбасары, 1 ведомстволық бағынысты ұйымның басшысы, аумақтық бөлімшенің басшысы және оның орынбасары бар», - делінген ТЖМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада. 

Сондай-ақ, онда Төтенше жағдайлар министрлігі мен Төтенше жағдайлар департаментінің 2 басшысына қатысты жауапкершілік ертерек өндіріп алумен шектелгені жазылған. 

Айта кетсек, бұған дейін Алматы қаласындағы жер сілкінісі кезінде дұрыс әрекет етпегені үшін ТЖМ-де қызметтік тергеу жүретіні айтылған еді.

Еске сала кетейік, қаңтар айынан бері Алматы тұрғындары жер сілкінгенін жиі сезіп келеді

Сондай-ақ, сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы биыл Қазақстан аумағында жойқын жер сілкінісі болмайтынын жеткізді

Соңғы жаңалықтар