Алматыда жүк көлігі бетон қоршауға соғылды
АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда жүк көлігі жол өткелінің астындағы бетон қоршауға соғылды. Жол-көлік оқиғасының сәті бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Бұл туралы Алматы қаласының полиция департаменті мәлімдеді.
Жол-көлік оқиғасы Әуезов ауданында, Сайын көшесінде, Абай даңғылының жолайырығы астында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, солтүстік бағытта келе жатқан «Shacman» жүк көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, бетон қоршауға соғылған. Соққының қатты болғаны соншалық, көлік кабинасы едәуір зақымданған. Абырой болғанда, жол-көлік оқиғасы салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.
Оқиға бойынша полиция қызметкерлері әкімшілік материал рәсімдеді. Полиция жүргізушілерге көлік басқару кезінде жылдамдықты қатаң сақтап, жолдағы жағдайды ескеріп, рөлде отырып назарды жоғалтпау қажеттігін тағы да еске салады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Талдықорғанда жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырағанын жазған едік.