Талдықорғанда жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырады
АСТАНА.KAZINFORM — Талдықорғанда жедел жәрдем көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы тіркелді.
Алдын ала мәлімет бойынша, апат Л. Асанов пен Құрманов көшелерінің қиылысында болған. Л.Асанов көшесімен келе жатқан Mercedes-Benz жүргізушісі қиылыстағы тиісті жол белгісін елемей, Hyundai H350 жедел жәрдем көлігімен соқтығысқан.
Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, апат салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.
— Кінәлі жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деп хабарлады Жетісу облыстық полиция департаменті.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін, жол белгілерін қатаң сақтауға және қиылыстардан өтерде аса сақ болуға шақырды.
Бұған дейін БҚО-да соңғы он күнде жол апаттарынан төрт адам мерт болғаны хабарланған.