Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған апаттан көлік өртеніп, қозғалыс тоқтады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда әл-Фараби даңғылында үш көлік соқтығысып, олардың бірі отқа оранды. Осыдан кейін қалада ұзын-сонар кептеліс пайда болды.

Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған апаттан көлік өртеніп, қозғалыс тоқтады
Фото: видеодан алынған скрин/t.me/kris_p_almaty_official

Куәгерлер әлеуметтік желілерде апат болған жерде түсірілген видеоларды жариялап, қозғалыстың тоқтап тұрғанын айтып шағымданды.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, апат 07:00 шамасында Бостандық ауданында болған. Алдын ала деректер бойынша, Toyota автокөлігінің жүргізушісі әл-Фараби даңғылымен батыс бағытта жүріп келе жатып, Жароков көшесінен шығысқа қарай қарсы жолаққа шығып кетіп, шығысқа қарай бағыт алған Lexus автомобилімен соқтығысқан.

Жол апатына түсіп, тоқтап тұрған Lexus көлігіне әл-Фарабимен шығысқа қарай жүріп келе жатқан Hyundai соғылған. Салдарынан Toyota көлігі өртеніп кеткен.

Жол апатынан Toyota жүргізушісі мен жолаушысы, сондай-ақ Lexus жүргізушісі жарақат алды. Бостандық ауданының полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Алматы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 25 қарашада сағат 07:00-де оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жіберілген. Toyota Sienna көлігіндегі өрт 07:11-де сөндірілді.

Айта кетейік, түнде Алматы – Бішкек автожолының 65-шақырымында жантүршігерлік жол апаты болып, алты адам қаза тапты. Осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Соңғы жаңалықтар