Алматыдағы Баум тоғайында ағаштарды заңсыз кескен күдіктілер әлі табылған жоқ

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы полициясы Баум тоғайында ондаған ағаштың заңсыз кесілуіне қатысты қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатыр. 

Алматыдағы Баум тоғайында ағаштарды заңсыз кескен күдіктілер әлі табылған жоқ
Фото: Александр Павский / Kazinform

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бөлімінің бастығы Әмірбек Құдайбергеновтің айтуына қарағанда, ағаштарды заңсыз кесу фактісі бойынша Қылмыстық кодексінің 340-бабы («Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау») бойынша қылмыстық іс қозғалған.

— Қазір жеке тұлғаларды анықтау бойынша жедел-алдын алу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар келтірілген залалды анықтау мақсатында сот-биологиялық сараптама тағайындалды, — деді ол Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Еске салайық, Баум тоғайында 25 қазаннан 26 қазанға қараған түні бейтаныс адамдар үшкір жапырақты үйеңкі мен ақ қараған ағаштарын заңсыз кескенін жазғанбыз.

Сондай-ақ олардың негізінен майда жапырақты қарағаш тұқымдасына жататын 11 ағаштың кесуге дайындалғаны анықталған. Оқиға орнынан екі қол ара мен бір бензин ара табылды.

Алматыдағы әйгілі Баум тоғайы бағбан, орман шаруашылығының маманы, ғалым-дендролог Эдуард Баумның бастамасымен 1894 жылы негізі қаланған. Қазір онда кейінгі ондаған жылдағы алғашқы қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін тоғайдағы абаттандыру жұмыстары кезінде бірде-бір ағаш кесілмейтінін хабарлағанбыз.

Қазір Баум тоғайында 104 429 ағаш және 5 081 бұта бар. 

Соңғы жаңалықтар