Алматыдағы блэкаут кезінде «Сергек» камералары құқық бұзушылықтарды тіркеді ме
АЛМАТЫ. KAZINFORM — 14 тамызда Алматыда электр энергиясының өшу жағдайлары байқалды. Осыған байланысты Kazinform тілшісі блэкаут кезінде «Сергек» бейнебақылау кешендерінің қалай жұмыс істегенін анықтады.
«Сергек» жүйесінің жұмысына жауапты компанияның мәліметінше, кешендердің электрмен қамтамасыз ету жүйелері әртүрлі.
— Кешендердің бір бөлігі қалалық электр желісіне қосылған, ал кейбірі автономды қуат көздерімен жабдықталған. Сондықтан электр энергиясы өшкен кезде кейбір кешендер жұмысын жалғастыра береді, — деп түсіндірді «Сергек» өкілдері.
«Сергек» камералары құқық бұзушылықтарды тіркеу мәселесіне қатысты бірқатар ерекшелік бар.
— Бағдаршам өшіп тұрған кезде оның сигналдарына байланысты құқық бұзушылықтар тіркелмейді. Жүйе бағдаршам контроллерінен сигналдың жоқтығы туралы ақпарат алады. Бұл ретте басқа да құқық бұзушылықтар, соның ішінде жылдамдықты арттыру жағдайлары жұмыс істеп тұрған кешендер арқылы тіркеле береді. Сондықтан жүргізушілер электр энергиясының өшуіне сеніп қалмай, жол қозғалысы ережелерін сақтауы қажет, — деп хабарлады «Сергек» өкілдері.
Еске салайық, Алматыдағы ауқымды электр энергиясының өшуіне байланысты барлық қалалық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Бұған дейін KEGOC 14 тамызда Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінде технологиялық ақау болғанын хабарлаған еді. Электр беру желілері ажыратылып, энергетиктер көп ұзамай электр желілерін қалпына келтіре алды.