Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматыдағы кәріз коллекторының құрылысына байланысты бір көшеде қозғалыс шектелді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының Наурызбай ауданында Батыс кәріз коллекторы құрылысы жобасының кезекті кезеңі басталады. Осыған байланысты 17 шілде мен 30 тамыз аралығында Бекешев көшесінің Әбділдин көшесінен Белжайлау көшесіне дейінгі бөлігінде автокөлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Бұл туралы қалалық энергетика және сумен жабдықтау басқармасының өкілдері айтты.

Алматыдағы кәріз коллекторының құрылысына байланысты бір көшеде қозғалыс шектелді
Фото: Әділет Бірімқұлов/Kazinform

Ведомствоның хабарлауынша, жоба аясында мердігер ұйым кәріз коллекторын салу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарына кіріседі.

— Құрылыс жұмыстары жүргізілетін кезеңде аталған учаскеде қозғалыс жұмыстардың орындалу аймағына қарай кезең-кезеңімен шектеледі. Бұл тұрғындар мен жол қозғалысына қатысушыларға келетін қолайсыздықты барынша азайтуға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Батыс кәріз коллекторы — Алматыдағы маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Бұл нысан пайдалануға берілгеннен кейін су бұру жүйесінің сенімділігі артып, қолданыстағы және жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын аудандарды орталықтандырылған кәріз желісіне қосуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық ахуалдың жақсаруына ықпал етіп, қаланың инженерлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға негіз қалайды.

Басқарма өкілдері қала тұрғындары мен қонақтарына уақытша шектеуге түсіністікпен қарап, уақытша жол белгілерінің талаптарын сақтау және жол жүру бағыттарын алдын ала жоспарлауды ескертті.