Алматыдағы Көктөбе телемұнарасы туристер үшін ашыла ма
АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Қазтелерадио» АҚ Алматыдағы стратегиялық нысан болып есептелетін Көктөбе телемұнарасын туристер үшін ашылатыны не ашылмайтыны жөнінде түсінік берді.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Көктөбе телемұнарасы туристерге ашылады деген ақпарат тараған еді. Осыған байланысты редакция «Қазтелерадио» АҚ-на хабарласып, телемұнараға қатысты жағдайды түсіндіруді сұрады.
Компания мәліметінше, телемұнара – ұлттық хабар тарату желісінің стратегиялық маңызы бар негізгі нысандарының бірі. Бұл жерден 21 теларна мен 23 радиоарнаның таратылымы жүргізіледі.
«Қазтелерадио» АҚ басқарма төрағасы Руислам Нұрдәулет телемұнара Қазақстанның терроризмге қарсы заңнамасына сәйкес террористік тұрғыдан осал нысан ретінде тіркелгенін атап өтті.
– Мұндай санаттағы нысандарда бөгде адамдардың жүруіне, экскурсияларды, туристік, мәдени не ойын-сауық шараларын өткізуге қатаң тыйым салынады. Сонымен қатар заңнама мен Қоғам Жарғысының талаптарына сай ұлттық оператордың туризм немесе ойын-сауық саласында кәсіпкерлікпен айналысуына, негізгі қызметіне қатысы жоқ табыс табуына рұқсат жоқ, - деді ол.
Оның айтуынша, телемұнараның басқа мақсаттарға бейімделуі туралы кез келген талқылау тек мемлекеттік органдар деңгейінде жүргізілуі мүмкін және барлық қауіпсіздік талабы толық сақталуға тиіс. Ал бұған дейін журналистер мен блогерлер тек уәкілетті құрылымдардың келісімімен ғана нысанға бара алатын еді.
Инвесторлар тарапынан ұсыныс түсті ме
Редакция сондай-ақ кей елдердегі тәжірибе бойынша бизнес өкілдері тарапынан мұнда бақылау алаңдарын, көрме кеңістіктерін немесе кәдесый дүкендерін ашу жайында ұсыныстар түскен-түспегенін де сұрады.
– Телемұнараның осал нысан мәртебесі бар және Қоғам телерадиохабар таратудан басқа қызмет түрін атқаруға құқылы емес болғандықтан, бақылау алаңдары, дәмхана, кәдесый дүкендері сияқты туристік инфрақұрылым құру жөнінде бизнес тарапынан ешқандай ұсыныс түскен жоқ, - деді Руислам Нұрдәулет.
Телемұнараның техникалық жағдайы
Ұлттық оператор басшысының айтуынша, телемұнара тұрақты техникалық бақылауда. Жоспарлы алдын алу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, металл конструкциялар, инженерлік жүйелер және нысанның жеке элементтері мұқият тексеріледі.
2024 жылы арнайы лицензиясы бар ұйым телемұнара мен оған іргелес әкімшілік-техникалық ғимаратқа кешенді инженерлік-сейсмикалық зерттеу жүргізген. Сараптама нәтижесі бойынша нысан сейсмикалық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келетіні және оны пайдалану кезінде ешқандай қауіп жоқ екені анықталды.
Көктөбе телемұнарасы Алматының негізгі көрікті жерлерінің бірі саналады. Теңіз деңгейінен шамамен 1000 метр биіктікте орналасқан, жалпы биіктігі – 371 метр. Құрылысы 1975-1983 жылдары жүргізіліп, 1984 жылғы 1 маусымда пайдалануға берілді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы «Көктөбе» телемұнарасында жарықтандыру технологиясы қалай жұмыс істейтіні туралы жазғанбыз.