Алматыдағы өрт: хостелде тұрып жатқан студенттер оқиға туралы айтып берді

Алматыдағы хостелде тұрып жатқан студенттер өрт басталған кезде ғимараттан қалай шыққанын айтып берді, деп хабарлайды Kazinform.

хостелдегі өрт
Фото: Алма Мұқанова/Кazinform

«Өрт болып жатқанын естіп, құжаттарымызды, киімдерімізді алып шықтық. Өрт шыққанын естігенде қатты уайымдадым. Бірінші қабатта тұрамын. Қасымдағылар да аман. Бөлмеміз сыртқы есікке жақын орналасқан. Шыға алмағандар, терезеден шықты. Кейбірінің құжаты іште қалды. Мен өзім Йеменнен келдім. Бұл жерде тұрып жатқаныма көп уақыт болмады», – дейді студент Ахмед Файз Ахмед.

Тағы бір шетелдік студент жатақханадан шығу үшін терезені сындырғанын айтты.

«Біздің бөлмеде түтіннің иісі қатты болды. Жанымыздағы адамдардың жағдайы ауыр еді. Өзіммен бірге керек дүниелерімізді алып үлгере алмадым. Бұл хостелге келгеніме бір күн ғана болды. Кеше кешке келдім. Осындай жағдайдың орын алғаны өкінішті», – дейді тағы бір шетелдік студент.

хостел өрт
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

Енді бірі шудан, дабылдан және түтін иісінен оянғанын жеткізді.

«Біз шудан, дабылдан және түтін иісінен ояндық. Бір – бірімізді оята бастадық. Көрші бөлмелерді аралап, бәрін сыртқа шығуға шақырдық. Мен мұнда қоныстанғаныма екі аптаға жуықтады. Бір бөлмеде жеті адам тұрамыз», – дейді хостел тұрғыны Нұрсұлтан Жұрғалов.

Еске салайық, Алматыда хостел өртеніп, 13 адам қаза тапты. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама 30 қараша күні сағат 05:33–те түскен. Бірінші өрт сөндіру бөлімі шақырту орнына 7 минут ішінде жетті.

Өрттен зардап шеккен 2 адам қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, науқастың біріне көмірқышқыл газынан улану диагнозы қойылды. 59 адам эвакуацияланып, 56-сы жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылды.

Алматыда хостелде болған өрт туралы соңғы мәліметтер мына жерде

Соңғы жаңалықтар