Алматыдағы Желтоқсан көшесінде BRT желісі іске қосылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Желтоқсан көшесінде BRT (Bus Rapid Transit) желісінің іске қосылуына байланысты қозғалысты ұйымдастырудың жаңа сызбасы енгізіледі. 

Алматыдағы Желтоқсан көшесінде BRT желісі іске қосылды
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінің мәліметінше, ұзындығы 4,6 шақырым болатын жаңа желі Тимирязев көшесіндегі қолданыстағы BRT учаскесі мен Райымбек батыр даңғылы бойында салынып жатқан аумақты жалғап, оңтүстіктен солтүстікке қарай үздіксіз жылдам автобус қатынасын қамтамасыз етеді.

— Жүргізушілер жол ережелерін қатаң сақтап, жолдағы таңбалар мен белгілерге мұқият назар аударуы қажет. Бұл аумақта құқықбұзушылықты бақылауға алатын фото және бейне тіркеу жүйелері де жұмыс істейді, — делінген хабарламада.

Жоба аясында арнайы жолақтар жол бойының шетінде орналастырылған. Мұндай шешім тұрақта тұрған көліктер мен кептелістен болатын қолайсыздықтарды азайтуға мүмкіндік береді. Солтүстік бағытқа қозғалғанда бөлінген жолақ көшенің оң жағында, ал кері бағытта сол жағында сызылған. Жеке автокөліктер үшін Абай даңғылынан солтүстікке қарай бұрынғыдай біржақты қозғалыс тәртібі және жолақ саны сақталады.

Жаңа бағыттар бойынша автобустар 14 желтоқсаннан бастап екі бағытта да қатынай бастайды. Алғашқы кезеңде № 92 және № 59 маршруттарын іске қосу жоспарланып отыр.

— Маршруттардың нақты сызбасы мен қозғалыс кестесі кейінірек жарияланады. Айта кетерлігі, жоба аясында барлық жолаушыға қолайлы болуы үшін арнайы көтеріңкі платформасы бар заманауи аялдама кешендері орнатылды. Сонымен қатар екі қабат асфальт төселіп, бағдаршамдар, жол белгілері, жарықтандыру жүйесі жаңартылып, тротуар плиткалары арқылы жүргіншілер аймағы көріктендірілді, — деп хабарлады Алматы әкімдігі.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы жаңа BRT құрылысы және онымен жүретін қоғамдық көліктер туралы жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар