Алматыға ұшып шыққан Air Astana ұшағы Фукуок әуежайына оралды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Air Astana Фукуок — Алматы рейсінің кешігуіне қатысты түсінік берді.
26 желтоқсан күні Фукуок — Алматы бағытындағы KC 162 рейсін орындаған Air Astana әуе кемесі барлық дәретхананың істен шығуына байланысты ұшып шыққан әуежайға оралды.
Әуе компаниясының мәліметінше, ұшақ жергілікті уақыт бойынша сағат 10:04–те әуеге көтеріліп, 14:14–те Фукуок әуежайына аман-есен қонған.
Қазіргі уақытта әуе кемесіндегі техникалық ақауларды жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты рейстің ұшуы 27 желтоқсанға, жергілікті уақыт бойынша 04:00–ге дейін кейінге қалдырылды.
— Жолаушыларға ыстық тамақ пен сусындар ұсынылды. Әуе компаниясы жолаушыларды қонақ үйге жеткізу және орналастыру мәселелерімен айналасып жатыр, — делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Lufthansa әуе компаниясының ұшағы Алматыға шұғыл қонуға мәжбүр болғанын хабарлағанбыз.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің мәліметінше, ұшақта жолаушының жағдайы кенеттен нашарлап, ол есінен танып қалған. Әуе кемесінің экипажы Алматы халықаралық әуежайына шұғыл қону туралы шешім қабылдаған.