Алматылықтар 10 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бүгін Алматыда су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 10 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтілді.

Алмалы ауданының комьюнити орталығы базасында ашылған қабылдау пункті 29 наурыздан бастап жұмыс істеп тұр. Күн сайын алматылықтар зардап шеккен аймақтарға үлес қосу үшін қажетті заттарды әкеліп жатыр. Қала тұрғындары, кәсіпкерлер мен белсенді жастар да көмек қолын созды.
6 күннің ішінде 10 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жиналды. Атап айтқанда, 2,5 тоннадан астам киім, 1 тонна гигиена құралдары, 3,5 тоннадан астам азық-түлік, тұрмыстық заттар және т.б. бар.
Алматы қалалық жастар саясаты басқармасының мәліметінше, гуманитарлық көмекті қабылдау пунктінің жұмысына қаланың 30-дан астам ірі волонтерлік ұйымынан 100-ден астам ерікті жұмылдырылды. Бұл ретте Жастар саясаты басқармасы игі іске атсалысқан алматылықтарға алғысын білдірді. Сондай-ақ басқармада еріктілердің еңбекқорлығы мен қала тұрғындарының арқасында қысқа мерзім ішінде су басқан аймақтарға гуманитарлық көмектің жиналғанын атап өтті.
Еске салсақ, Алматыда гуманитарлық көмек қабылдау пункті аптаның соңына дейін Алмалы ауданы, Байтұрсынов көшесі, 22/1 мекенжайында сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді.
Қабылданатын гуманитарлық көмек түрлері: азық-түлік, ауыз су, дәрі-дәрмектер мен медициналық керек-жарақтар, киім (жылы киім, аяқ киім, іш киім, шұлық және т.б.), заттар (көрпе, ұйықтайтын қап, жастық және т.б.), шаруашылық тауарлары (шатыр, төсеніш, термос, шам, пауэрбанк, шәйнек, балалар ыдыстары, емізік) және гигиена құралдары (памперс, әйелдер гигиенасы, сабын, тіс пастасы, сусабындар, майлық, дәретхана қағазы, жуғыш заттар және т.б.).