Орынбордағы Иреклі қоймасынан Жайыққа жіберілетін су көлемі қайта көбейді
ОРАЛ. KAZINFORM – Ресейдің Орынбор облысында Иреклі қоймасынан Жайық өзеніне секундына 60 текше метр су жіберіліп жатыр.
Кешеге дейін секундына 15 текше метр жіберіліп келген еді.
«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы директорының міндетін атқарушы Рауан Хұсайыновтың мәлім еткеніндей, Иреклі қоймасының суға толтырылуы 90 пайыздан асқан.
Рауан Ерланұлының сөзіне қарағанда, соған байланысты қоймаға құйылған судың бір бөлігі төменге тасталып жатыр. Бұл Жайыққа пәлендей өзгеріс әкелмейді.
– Биылғы 30 сәуірдегі мәлімет бойынша Жайық өзеніндегі су деңгейі Орал қаласы тұсында 287 сантиметрді көрсетті. Ал Бәйтерек ауданы Январцев ауылында 342 сантиметрге дейін түсті. Мұндағы гидробекеттегі су шығыны секундына 471 текше метр болды, - деді Р.Хұсайынов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысындағы су қоймаларының жағдайы қалай екенін жазған болатынбыз.
Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінің ағысы бәсеңдеді.