Алматылықтар емханаға қаралу үшін талон таппай қиналып жүр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматылықтар қала басшысына амбулаториялық емханаларда жалпы практика дәрігері терапевтке де қарала алмай жатқандарын айтып, шағымданды. Себебі талон жоқ.

Қала әкімі Ерболат Досаевтың Алатау ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында, алматылықтар емханаға қаралу мәселесін көтерді.
Айтуларынша, Алатау ауданында орналасқан №29 емханаға қаралу мүмкін емес. Дәрігерге кіру үшін берілетін талон жоқ. Тез таусылып қалады.
Ерболат Досаев қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсия Ақанова мен аудан әкімі Талғат Малыбаевқа жағдайды бақылауға алуды тапсырды.
— № 29 емхананы тексеріп шығыңыздар.Талонды алу, тіркеу бөлімі қалай жұмыс істейді, шағым түсіп жатыр. Бірінші мамырға дейін мәселені шешіңіздер. Егер емхана басшысы жұмысын істей алмаса, ауыстырайық, — деді Ербролат Досаев.
Еске салайық, Алматыда осы жылы 120-дан астам әлеуметтік нысанды қайта жаңарту және салу жоспарда. Оның кейбірінің құны миллиардтаған теңгеге бағаланып отыр.