Миллиардтаған қаржы бөлінді: Алматыда қандай әлеуметтік нысандар салынып, жөнделеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда осы жылы 120-дан астам әлеуметтік нысанды қайта жаңарту және салу жоспарда тұр. Оның кейбірінің құны миллиардтаған теңгеге бағаланып отыр. 

Миллиардтаған қаржы бөлінді: Алматыда қандай әлеуметтік нысандар салынып, жөнделеді
Фото: pixabay

Әлеуметтік инфрақұрылымға мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, спорт нысандары кіреді. Құрылысы және реконструкциясы жоспарланған ғимарат көп болғандықтан, біз олардың ең үлкені мен маңыздысына тоқталуды жөн көрдік.

Kazinform агенттігінің жолдаған сауалына қалалық құрылыс басқармасы 2025-2026 жылдарға жоспарланған 124 нысанның тізімін ұсынды.

Денсаулық сақтау

Биыл Алматы әкімдігі бірнеше ірі медициналық мекемені қайта құруды жоспарлап отыр. Негізгі нысандардың бірі - №7 қалалық клиникалық аурухана болмақ, оны жөндеуге 33 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ Папанин көшесі, 220 мекенжайында орналасқан №4 қалалық клиникалық ауруханаға да 10,6 млрд теңге қарастыру көзделіп отыр. 

Бұдан бөлек, Байзақов көшесіндегі балалар жұқпалы аурулар ауруханасын жаңарту жоспарда бар, оған 13,4 млрд теңге бөлінді. Тағы бір айтулы жобаның бірі – Сейфуллин даңғылындағы №1 перзентхана жанынан 60 төсекке арналған қосымша ғимарат салу. Оның құны -12,9 млрд теңге. Сондай-ақ, 15 млрд теңгеге 250 төсектік паллиативтік көмек орталығын (ХОСПИС) және ЖИТС орталығы бой көтереді.

Миллиардтаған қаржы бөлінді: Алматыда қандай әлеуметтік нысандар салынып, жөнделеді
Фото: Александр Павский / Kazinform

Емханалар құрылысы да назардан тыс қалмады. Мәселен, Гагарин даңғылында 10,2 млрд теңгеге 500 келушіге арналған емхана бой көтереді. Сонымен бірге Әйтеке би көшесінде орналасқан ревматологиялық орталықтың орнына аудан тұрғындарына арналған жаңа емхана салынбақ (8 млрд теңге). Алматыда бұрынғы теміржол ауруханасының орнына балаларды оңалту орталығы ашылады. Оған жергілікті бюджеттен 5 млрд теңге бөлінбек. 

Сондай-ақ «Думан» және «Шұғыла» шағын аудандарында 500 келушіге арналған емханалар салынбақ. Алтынсарин көшесіндегі № 2 қалалық балалар клиникалық ауруханасы кеңейтіледі. Әкімдік оған 4,5 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ РВ-90 шағын ауданында 200 адам қабылдайтын отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысы қарастырылған (1,3 млрд теңге). Бұқтырма көшесіндегі денсаулық сақтау нысандарының сыртқы инженерлік желілеріне 1,6 млрд теңге, қалалық психикалық денсаулық орталығын қайта жаңғыртуға 2 млрд теңге бөлінді.

Сонымен қатар, қаланың әртүрлі аудандарында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталықтары, 300 төсектік көпсалалы аурухана, Дарабоз шағын ауданында 200 төсектік перинаталдық орталық құрылысының жобасы әзірленіп жатыр.

Білім саласы

Қалада білім беру саласында да бірқатар ауқымды жоба жүзеге асырылмақ. 

Осылайша, білім беру нысандарының құрылысы мен жаңартуға келесідей қаражы бөлінді: 

– Ә. Шәріпов көшесіндегі №16 мектепке 300 оқушыға арналған қосымша ғимарат салуға – 2 млрд теңге;

– Достық даңғылы, 266 а мекенжайындағы №17 мектеп-интернатының сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу жұмыстарына – 2,1 млрд теңге;

– «Жас-Қанат» ықшам ауданындағы №198 жалпы білім беретін мектептің қосымша ғимаратының құрылысына – 3,5 млрд теңге;

мектеп
Фото: Алматы әкімдігі

– Зағип және нашар көретін балаларға арналған № 4 арнайы мектеп-интернатына асханасы бар жатақхана құрылысының жобалау-сметалық

құжаттамасын әзірлеуге – 4 млрд теңге; 

– Жароков көшесіндегі №134 мектеп-лицейін сейсмикалық күшейтуге және күрделі жөндеуге – 5 млрд теңге;

– Қарасу ықшам ауданы, Заводская көшесіндегі № 160 мектепті кеңейтумен қайта жаңғыртуға – 5,7 млрд теңге;

– Достық даңғылында орналасқан Д.Снегин атындағы №30 мектеп-гимназиясын жаңартуға – 5,3 млрд теңге;

– Бұрындай көшесіндегі №50 мектепті сейсмикалық күшейтуге және күрделі жөндеуге – 1,6 млрд теңге;

– Зерделі шағын ауданында 550 оқушыға арналған жаңа мектеп құрылысына – 2,1 млрд теңге;

Сонымен қатар балабақшалар салу және жаңарту жоспарда: 

–Тілендиев көшесінде пайда болатын жаңа балабақша құрылысына – 2,5 млрд теңге; 

– «Шұғыла» шағын ауданындағы 320 орындық балабақша құрылысына – 2,6 млрд теңгеге; 

– Шевченко көшесі, 186А №10 бөбекжай-балабақшасын қайта құруға – 1,1 млрд теңге; 

– «Зерделі» шағын ауданындағы №153 балабақша мен «Нұркент» шағын ауданындағы №37 балабақшаны қайта құруға – 1,8 млрд теңге; 

– Абылай хан даңғылы мен Жамбыл көшесінің қиылысында орналасқан №20 бөбекжай – балабақшасын жаңартуға – 600 млн теңге; 

– «Алтын-Бесік» шағын ауданында салынатын120 орындық балабақша құрылысына –775 млн теңге; 

– «Дархан» шағын ауданындағы №168 балабақшаны жөндеуге – 2,9 млрд теңге; 

Маңызды жобалардың қатарында Алматы жолаушылар көлігі және технологиялар колледжінің жатақхана құрылысы бар. Оның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 2,3 млрд теңге бөлінді. 

«Дарын-1» шағын ауданында 200 орындық мектеп-интернаты мен 900 оқушыға арналған мектеп салынады. Сондай-ақ құны 1 млрд теңге болатын шағын кәсіпкерлік орталығы бой көтермек.

«Таугүл» шағын ауданындағы ескі № 72 мектептің орнына 1 200 орындық жаңа мектеп салынады. Осы мақсатта аталған аумақта орналасқан 40 жеке үй бұзылады. 

Басқа нысандар

Алматыда Н.Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ғимаратын реконструкциялау жұмыстары жақында басталады. Оған 21,7 млрд теңге бөлінді. 

Сондай-ақ жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің театр ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатыр, оған 25,1 млн теңге бөлінді. 

Сонымен қатар 3,6 млрд теңгеге Алмалы ауданы әкімі аппаратының ғимараты күрделі жөндеуден өтеді. 

Красногорская көшесінің батысында және Остроумов 2-ші көшесінің солтүстігінде орналасқан мамандандырылған ІІД мекемелерінің құрылысына әзірленген жобалық-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізу күтілуде. 

нысан
Фото: Алматы әкімдігі

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтының ғимараттарын жаңарту, сондай-ақ Шұғыла шағын ауданында 6 автокөлікке арналған ІІ типті өрт сөндіру бекетін салу маңызды жобалардың қатарында. 

Сондай-ақ 1-шағын аудандағы №9 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратын сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу жұмыстары да жоспарда бар. 

Шұғыла шағын ауданында (7 млрд теңге), Майлина көшесінде (6,5 млрд теңге) және Саялы шағын ауданында (6,5 млрд теңге) жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы да маңызды. 

Миллиардтаған қаржы бөлінді: Алматыда қандай әлеуметтік нысандар салынып, жөнделеді
Фото: Алматы әкімдігі

Былтыр Алматы мәслихатының XXVI кезектен тыс сессиясында құрылыс-монтаж жұмыстарының көтергіш және (немесе) қоршау құрылымдарын салу мен қайта құруға қойылатын талаптарға сәйкестігін тексеру мақсатында құрылыс нысандарына кіру тәртібін бекітті. 

Бұдан бөлек, Алматыда құрылысқа қатаң шектеулер енгізілді. 

Еске салайық, бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев нарықтағы жосықсыз құрылысшылармен күрес шараларын атап, жаңа құрылыс кодексі жобасының басты жаңашылдығын айтқан болатын. 

Соңғы жаңалықтар