Алматылықтар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етті
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда зиялы қауым өкілдері саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, 1931-33 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Қарағайлы саябағында өткен іс-шараға саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының туыстары мен жақындары, мәдениет қайраткерлері, қоғам өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Олар қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Жиналғандар қайғылы оқиғаларды есте сақтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті. Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін қандай құрбандықтың болғанын және оларды ұлықтау қаншалықты маңызды екенін де тілге тиек етті.

— Бүгін біз қуғын-сүргін мен ашаршылық кезінде қаза тапқан ата-бабалардың рухы алдында адами және азаматтық борышымызды өтеу үшін жиналдық. Бір минуттық үнсіздік — есте сақтаудың, құрметтің және сабақ алудың белгісі. Біздің міндетіміз — өткеннің ауыр кезеңдерін есте сақтай отырып, бүгінгі бірлік пен бейбітшілікті бекемдеу, — деді Дархан Сатыбалды.

Бүгін Президент «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешеніне барды.