Алматылықтар жөнделіп жатқан көпірден өту үшін қоршауды бұзды: әкімдік түсінік берді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда әл-Фараби даңғылы бойындағы «Нұр-Мүбарак» мешітінің маңындағы жаяу жүргіншілер көпірінде таңғы уақытта тұрғындар қоршауды өздері алып тастап, жолдың қарсы бетіне өтпек болған.

Kazinform тілшісі бұл жағдайға қатысты Алматы әкімдігі баспасөз қызметіне ресми сауал жолдады.
— Бостандық ауданы әкімі аппаратының тапсырысы бойынша «IZI Company KZ» мердігерлік ұйымы әл-Фараби даңғылы бойындағы бес жерасты және бес жерүсті жаяу жүргіншілер өткелінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жөндеу тамыз айында басталған, ал толық аяқталуы жыл соңына жоспарланған, — делінген хабарламада.
7 қазан таңында тұрғындар өз бетімен ескерту плакаттары мен қоршауларды алып тастап, жөндеу жүріп жатқан өткел арқылы өткені анықталған.
— Қазіргі уақытта өткел қайта қоршалды, нысанда тәулік бойы күзет ұйымдастырылды. Мердігер компанияға ескерту беріліп, барлық нысандарда бақылауды күшейту тапсырылды, — деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қала билігі алматылықтардан түсіністік танытуды және қауіпсіздік талаптарын сақтауды ескертті.
— Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! Өз өміріңіз бен денсаулығыңызды қауіпке тікпеңіздер. Қауіпсіздік шараларын сақтауларыңызды сұраймыз, — делінген әкімдіктің хабарламасында.
Еске салайық, Алматыда жол жөндеу кезінде жүк көлігі опырылған жерге түсіп кеткенін хабарлағанбыз.