Алматының орталығындағы заңсыз нысан сот шешімімен бұзылып жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Достық даңғылы, 42/74 мекенжайындағы тұрғын үйге жапсарлас салынған жазғы алаңы бар заңсыз қосалқы құрылыс сот шешімімен бұзылып жатыр.

Алматының орталығындағы заңсыз нысан сот шешімімен бұзылып жатыр
Фото: Алматы әкімдігі

Алматының қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, бір қабатты кіреберіс қосалқы нысан мен қоғамдық тамақтану орны орналасқан жазғы алаң заңсыз салынған.

Жоспардан тыс тексеру барысында «ТАЙМАС LTD» ЖШС меншік иесіне әкімшілік шаралар қолданылып, заңсыз салынған нысан мен алаңды бұзу және ғимаратты бастапқы қалпына келтіру туралы нұсқама берілген.

Алайда меншік иесі бұл талапты орындамаған.

— Осыған байланысты басқарма нұсқама талаптарын мәжбүрлі түрде орындату үшін мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа талап арыз берген. Бұдан кейін ұзаққа созылған сот талқылауы өтті, — деп хабарлады ведомство.

2026 жылы 11 ақпанда Алматы сотының қаулысымен басқарманың талап арызы қанағаттандырылды. Бүгін Әділет департаменті сот орындаушыларының қатысуымен нысанды бұзу жұмыстары басталды.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда құрылысы аяқталмаған 5 қабатты ғимарат бұзылып жатқанын хабарлаған едік.