Алматының цифрлық егізі: жобаны Қытай агенттігі қаржыландыруы мүмкін
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда цифрлық технологияларға негізделген басты бастамалардың бірі — қаланың цифрлық егізін әзірлеу.
Бұл жоба жайында алғаш рет 2021 жылы Алматының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың кезінде сөз қозғалды.
Алайда жобаның қыр-сырын алғаш рет Сағынтаевтан кейін келген Алматының экс-әкімі Ерболат Досаев 2022 жылы түсіндірді.
Оның айтуынша, Алматының цифрлық егізіне көлік, экономикалық, экологиялық және құрылыс деректері енгізіледі.
— Бұл халықтың қалалық инфрақұрылым объектілеріне қажеттілігін болжауға және жалпы қаланы басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, — деді ол.
Одан кейін бұл тақырып біраз уақытқа күн тәртібінен ғайып болып, жоба жайлы ақпарат тарамады. Тек 2024 жылы Сингапур және Шанхай сияқты мегаполистерге ұқсас қаланың цифрлық егізін құру жобасы әлі жоспарда бар екенін әкімдік растады.
Kazinform агенттігі Алматының цифрландыру басқармасына сауал жолдап, жобаның қазір қандай сатыда екенін нақтылады.
Ведомство жауабына сәйкес, мегаполистің цифрлық егізін құруға арналған нақты қадамдар жасала бастаған.
Атап айтқанда, қазіргі уақытта Қытайдың Шэньчжэнь қаласындағы компаниямен бірлесіп жүзеге асыру көзделген пилоттық жоба бойынша техникалық тапсырма әзірленіп жатыр.
— Жобаны қаржыландыру Қытайдың халықаралық даму жөніндегі ынтымақтастық агенттігінің (China International Development Cooperation Agency) грант қаражаты есебінен жоспарланған, — деп хабарлады басқармадан.
Цифрландыру басқармасы жобаны әзірлеуге арналған конкурс 2026 жылы пилоттық жобаның қорытындысы бойынша жарияланатынын атап өтті.
— Бұл шешім жалпы техникалық тапсырмада жоба шеңберіндегі функциялар, міндеттер және оларды іске асыру мүмкіндіктері айқындалып, жалпы бюджетке және іске асыру кестесіне бағалау жүргізілген кезде қабылданады, — делінген ведомство жауабында.
Қаланың цифрлық егізі қалай қолданылады
Бастама кезең-кезеңмен жүзеге аспақ. Ең алдымен, 2026 жылы жоба тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және көлік салаларын қамтыса, 2027 жылдан бастап өзге де салалар қосылады.
Ведомство жауабына сәйкес, Алматының цифрлық егізіне қойылатын басты талап — қаланың ағымдағы қызметін жедел басқару режимінде, оның ішінде авариялық жағдайлар мен төтенше жағдай туындаған кезде қаланың дамуы бойынша талдау жүргізуге және болжам жасауға қабілетті болуы керек.
— Жобаны іске асырудың шарты — 2026 жылы қаланың бүкіл инфрақұрылымы мен инженерлік желілеріне толық түгендеу жүргізіп, оларды толықтай цифрландыру. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, мегаполис үшін мұндай жобаны толық аяқтауға әдетте 3 жылдан 5 жылға дейін уақыт қажет, — деп түсіндірді басқармадан.
Еске салайық, бұған дейін Алматы қаласы цифрландыру басқармасының басшысы Олжас Жаңабек Kazinform тілшісіне берген жауабында Алматының цифрлық егізі негізгі 3 деңгейден құралатынын айтқан еді:
- Бірінші деңгей қаланың инженерлік инфрақұрылымын толықтай қамтиды.
- Екінші деңгейде, қала құрылысын модельдеу және оңтайландыру, сондай-ақ көлік қозғалысын бақылау жұмысы жүргізіледі.
- Үшінші табиғи-климаттық деңгей болады. Онда ауа сапасы секілді қаланың дамуына әсер ететін барлық табиғи құбылыстар қамтылады.