Алматының цифрлық егізі 2026 жылдың соңында дайын болады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Халықаралық Digital Almaty форумы аясында мегаполистің цифрлық егізі қашан дайын болатынын хабарланды.

Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Олжас Жаңабектің айтуынша, бұл жоба қаладағы жұмыстарды бір жүйеге біріктіру үшін қажет.
— Қазір қаланың әртүрлі жүйелері бөлек-бөлек жұмыс істеп жатыр. Бұл қаланы жүйелі түрде басқаруды қиындатады. Сингапур мен Шэньчжэнь қалаларының сәтті жобаларына сүйене отырып, Алматы қаласы 2026 жылдың желтоқсан айында мегаполистің цифрлық егізін іске қосады, — деді басқарма басшысы.

Алматының цифрлық егізінде негізгі 3 деңгей болады. Бірінші деңгей қаланың инженерлік инфрақұрылымын толықтай қамтиды. Екінші деңгейде, қала құрылысын модельдеу және оңтайландыру, сондай-ақ көлік қозғалысын бақылау жұмысы жүргізіледі. Үшінші табиғи-климаттық деңгей болады. Онда ауа сапасы секілді қаланың дамуына әсер ететін барлық табиғи құбылыстар қамтылады.
— Шэньчжэнь қаласына барып, арнайы олардың тәжірибесімен таныстық. Олар цифрлық егіз жобасын толыққанды іске қосу үшін 6 жыл жұмсаған. Қазір Шэньчжэньде секілді бізде де инвентаризация, яғни нысандарды цифрландыру жұмыстары басталды, — деді ол.
Еске салайық, былтыр Алматының цифрлық егізін жасау жобасы қандай сатыда екенін жазғанбыз.