Алматы «2014 жылғы ТМД мәдени астаналары» бағдарламасы ауқымындағы шараларды ойдағыдай өткізуге әзір болады - Н.Назарбаев
МИНСК. 25 қазан. ҚазАқпарат - ТМД бірлесе отырып, Ұлы Отан соғысында тәуелсіздік пен бостандықты қорғап қалған аға ұрпаққа құрметі мен терең ризашылығын білдіруі тиіс, деп мәлім етті ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі отырысында бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Ең алдымен, Мемлекет басшысы өз сөзінде ТМД-ға төрағалық еткен Беларусь Республикасына үлкен жұмыс жүргізгені және қонақжайлығы үшін алғыс айтты.
«Біз ТМД-ны одан әрі дамыту тұжырымдамасын, оны жүзеге асырудың іс-шаралар жоспарын қабылдадық, бұл осы ұйымның одан әрі жұмысы үшін маңызды қадам болды, сондай-ақ 2014 жылды ТМД-да туризм жылы деп жариялау туралы шешім қабылдадық, соған сәйкес біздің үкіметтеріміз осы бөлім бойынша тиісті бағдарлама қабылдайтын болады және бұл біздің азаматтарымыздың көбірек байланысуына көмектеседі, халықтардың өзара қатынастарын нығайтады. Біздің елдерімізді жақындастыруда «Мәдени астаналар» мемлекетаралық бағдарламасы маңызды деп санаймын және біз осы шараны ұйымшылдықпен өткізуге әзірленеміз, оның ішінде Алматы қаласы да бар», - деп атап өтті Н.Назарбаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Кеңестің 2015 жылды Ұлы Отан соғысы ардагерлері жылы деп жариялау және Жеңістің 70 жылдығына бірыңғай мерейтойлық награда белгілеу туралы шешімін қолдайтынын мәлім етті.
«Біз бірге өткен соғыста тәуелсіздігіміз бен бостандығымызды қорғап қалған аға ұрпағымызға құрмет көрсетіп, терең ризашылығымызды білдіреміз», - деді Н.Назарбаев.
Қазақстандық көшбасшы сондай-ақ 2014 жылы ТМД-ға Украина төрағалығы туралы ұсынысты қолдайтынын мәлімдеді.