Алматы іргесіндегі Іле Алатауында ресейлік туристер құтқарылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы іргесіндегі Іле Алатауында ресейлік туристер тобы құтқарылды. Олардың бірі ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ Төтенше жағдайдар жөніндегі комитетінің ресми өкілі Рұслан Иманқұлов хабарлады.
«Бүгін 11 сағат 10 минутта тауға жорық жасау барысында Ломакин асуының Проходная өзені жағында басына тас құлаған адамның ес-түссіз жатқаны туралы телефон арқылы хабар келіп түсті.
Хабарлаушы адам топтың тұрған жерінің координатасын ұсынды.
Сол мезетте оқиға орнына ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті Апат медицинасы орталығының дәрігерлері көлікпен шықты. Сондай-ақ, Республикалық жедел-құтқару отрядының 5 адамнан тұратын жедел тобы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті «Қазавиақұтқару» мекемесінің тікұшағымен оқиға орнына ұшып кетті», - деді Р. Иманқұлов.
Сағат 15:05-те жедел топ оқиға орнына жақын жерге түсірілді.
18:16-да топ жетекшісі радиобайланыс арқылы тікұшақ түсірген жерге жақындап қалғанын хабарлады.
18:18-де борт айтылған жерге ұшып кетті.
18:55-те борт жедел құтқару тобы мен туристер тобын (4 адамды) тікұшақ алаңқайына түсірді.
Зардап шеккен адам Апат медицинасы орталығының дәрігерлеріне берілді.
Барлығы 4 адам құтқарылды:
Задорожный Михаил Николаевич, 1960 жылы 2 тамызда туған (РФ азаматы (Челябі облысы, Копейск қаласы); туған жері - ҚР, ОҚО, Кентау қаласы), Ладванова Светлана Александровна, 1985 жылы 5 маусымда туған (РФ, Башқұрстан республикасы, Уфа қаласы), Абдракипова Альбина Ринатқызы, 1987 жылы 29 қазанда туған (РФ, Башқұртстан республикасы, Уфа қаласы), Кутлуяров Руслан, 1986 жылы туған.
Бас жарақатын алған М. Задарожный Алматы қалалық №7-ші ауруханасына жеткізілді.