12:54, 03 Наурыз 2009 | GMT +5
«Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы» мен «FATTAH FINANCE» АҚ Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
АЛМАТЫ. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығы» мен «FATTAH FINANCE» АҚ Ынтымақтпастық туралы меморандумға қол қойды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Қаржы орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оған «Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығы» АҚ-нан Басқарма төрағасы Дәурен Өткелбаев пен «Fattah Finance» АҚ-ның Басқарма төрайымы Айжан Бекхожаева қол қойды. Құжатта тараптар исламдық қаржы құралдарын дамыту саласында кең ауқымдағы қарым-қатынасқа өз әлеуеттерін барынша жоғары деңгейде қолдануға уағдаласып отыр. Меморандум аясында олар енді қор нарығын дамыту бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асырып, ислам қағидаларына негізделген ислам банкингі қаржы институты мен сақтандыруды енгізіп, бағалы қағаздар шығаруды жоспарлауда. Сондай-ақ ислам капиталы нарығы саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және қаржылық сауатты арттыру мен ислам қаржы институттары өнімдерін ілгерілетпекші. Жалпы «Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығы» Қазақстанда исламдық қаржыландыру енгізудің белсенді бастамашысы саналады. Исламдық қаржыландырудың енгізілуі ел экономикасын нақты секторларын дамытуға және жергілікті нарықтағы қаржы жүйесін әртараптандыруға жаңа мүмкіндіктер береді.