«Алматы-Маңғыстау» пойызының вагонында есірткі салынған сөмке табылды, иесі белгісіз

АСТАНА. 12 қараша. ҚазАқпарат /Жанна Қорқытова/ - ҚР ІІМ Көліктегі Ішкі істер департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын өткізу барысында «Шиелі-Қызылорда» стансысының учаскесінде «Вулкан» есімді қызметтік иттің көмегімен «Алматы-Маңғыстау» пойызының вагонынан есірткі салынған сөмкені тапты, деп хабарлайды Көліктегі ІІД баспасөз қызметі.

«Алматы-Маңғыстау» пойызының вагонында есірткі салынған сөмке табылды, иесі белгісіз

«Спорттық сөмкенің ішінен салмағы 1 килограмм 644 грамм болатын кептірілген марихуана салынған пластмасса құты табылды», - делінген баспасөз хабарламасында.

Жолсеріктің айтуынша, сөмкені оған Алматы-2 стансысында азиялық нәсілді жігіт беріп, Жалағаш стансысына дейін жеткізіп беруін өтінген.

«Қызылорда стансысының ЖІІБ тексеру амалдарын жүргізуде. Жолсерікке полиция бөлімшесіне келу туралы шақырту берілді», - деп хабарлайды баспасөз қызметі.