Алматы маңындағы Бутаков шатқалында 12 турист құтқарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің республикалық жедел-құтқару жасағы Алматы маңындағы Бутаков шатқалында адасып кеткен 12 туристі құтқарды.
None
None

Бутаков шатқалына демалуға шыққан 12 студенттен құралған топ үйге қайту уақытын кешке қалдырғандықтан, қалаға қайту жолдарын өз еріктерімен таба алмаған соң таныс емес жерде адасып қалған. Бұл туралы 11 қазанда сағат 21:38-де республикалық жедел құтқару жасағының кезекші-диспетчерлік қызметіне қоңырау келіп түсті.

«РЖҚЖ-ның бірінші жедел құтқару тобының 8 құтқарушысы көрсетілген мекенжай бойынша (Горный садовод ауданы, Табаған) жылдам жолға шықты. Аймақ түгелімен тексерілді, бірақ туристер көрсетілген орында болмай шықты. Біраз уақыттан кейін жоғалған студенттердің бірге оқитын курстасы олардың нақты орналасқан жері туралы мағлұматты WhatsApp желісі арқылы берді», деп хабарлайды Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметінен.

Іздестіру-құтқару жұмыстарын тездету үшін көрсетілген ақпарат бойынша РЖҚЖ-ның екінші жедел құтқару тобының 4 құтқарушылары және 1 техника жолға шықты. Туристерді іздестіру кезінде ауа райының қолайсыздығы құтқарушыларға көптеген қиындықтар тудырды: аяқ астынан жауған жауынның қарға ұласуы іздестіру-құтқару жұмыстарына кері әсерін тигізді. Соған қарамастан іздестіру-құтқару жұмыстары қазанның 12-сі күні таңғы 06:40-та сәтті аяқталды. 12 студент құтқарылып, ата-аналары күтіп отырған автокөлікке жеткізілді.

«Естеріңізге саламыз, тауға шыққан жағдайда өздеріңізбен бірге жылы киімдеріңізді және дәрі-дәрмек салынған қорапшаны алып жүріңіздер. Сонымен қатар тауға шыққанда техника қауіпсіздігін сақтап жүруді естен шығармаңыздар. Таудан түсуді кешкі уақытқа қалдырмауға тырысыңыздар. Әрдайым өздеріңізбен бірге мобильді ұялы байланысын алып жүруді, бара жатқан жерлеріңізді туған-туысқандарыңызға айтуды ұмытпаңыздар», деп ескертеді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің республикалық жедел-құтқару жасағынан.

Соңғы жаңалықтар