Алматы облысында мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын қызмет нәтижелеріне қарай арттыру көзделген - А.Баталов
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын қызмет нәтижелеріне қарай арттыру көзделген. Бұл туралы бүгін «Мемлекет басшысының 5 институттық реформасын жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мәселелеріне арналған баспасөз мәслихатында аталған өңірдің басшысы Амандық Баталов мәлім етті.
«Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, мемлекеттік қызмет жүйесін құрудың мансаптық қағидасы енгізілді. Оның аясында алдыңғы орынға мемлекеттік қызметшілердің құзыреті мен жеке қасиеттері шығарылады, ал мансабының өсуі үшін төменгі лауазымдарда жұмыс тәжірибесінің болуы міндетті. Қызметке алғашқы рет кірісетіндер міндетті сынақ мерзімінен өтеді. Жыл басынан бері облыс бойынша төменгі лауазымдарға орналасуға 69 жалпы конкурс жарияланды, олардың нәтижесі бойынша 15 адам тағайындалды. 28 мемлекеттік қызметші сынақ мерзімінен өтуде»,- деді ол.
Өңір басшысының айтуынша, ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету үшін барлық конкурстық комиссияларда қадағалаушылар қатысады. 5-6-қадамдарға сәйкес мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын қызмет нәтижелеріне қарай арттыру көзделген. Осыған байланысты «А» корпусындағы әкімшілік мемлекеттік қызметшілермен келісімдер жасалды.
«Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесі бекітілді, мемлекеттік қызметшілер жұмысының 3755 жеке жоспарлары жасалып, оларды бағалау жөніндегі комиссиялар құрылды.
«Сегізінші қадамның аясында мемлекеттік қызметшілердің ауысуы кезінде тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде. Бүгінгі таңда облыс бойынша 139 бірлік қызметтік тұрғын үй бар, Талдықорған қаласында 55 пәтерлі үй салынып жатыр. Тоғызыншы қадаммен мемлекеттік қызметшілерді үш жылда бір рет тұрақты оқыту жүйесі белгіленді.
Бекітілген кесте бойынша жыл басынан бері 76 мемлекеттік қызметші оқытылды, жыл соңына дейін тағы 885 адам немесе біліктілігін арттыруы тиіс адамдардың - 25 пайызы оқытылуы қажет, оған 40,5 млн. теңге бөлінді»,- деді А.Баталов.
Облыс әкімінің сөзіне қарағанда, 12-қадамға сәйкес, Мемлекеттік қызметшілердің этикасына ерекше көңіл бөлінуде, этика жөніндегі уәкілетті тағайындалды. Жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында жемқорлықпен күрес жөніндегі өңірлік жоспарлар қабылданды. Барлық мемлекеттік органдарда сенім телефондары орнатылды, бұқаралық ақпарат құралдарында арнайы айдар жүргізілуде.