Алматы облысында жерлестер форумы өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қараша айында Алматы облысынан түлеп ұшқан барлық инвесторлардың басын қосатын "Менің Жетісуым" атты жерлестер форумы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

Амандық Баталов Мемлекет басшысының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру бойынша бірқатар жұмыстардың атқарылғанын атап өтті.

"Облыс меценаттары мен кәсіпкерлері Елбасының "Туған жер" бағдарламасын іске асыруға құлшына кірісіп кетті. Бүгінде облыс бойынша 37 млрд теңгеге 308 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда", - деп атап өтті әкім.

Атап айтқанда, Еңбекшіқазақ ауданының Ащыбұлақ ауылында Сабыровтар отбасы қараусыз қалған саябақты қалпына келтірген.

Кербұлақ ауданының тумасы, жеке кәсіпкер Хасан Әбуев туған ауылына бастауыш мектеп салып жатыр.

Қарасай ауданының Қырғауылды ауылында "Батыр бабалар" мемориалды музейі ашылды. Оған өңір меценаттары 465 млн теңге көлемінде қаражат бөлген.

Шамалған ауылында жағдайы төмен 17 отбасына көптеген күткен баспана кілті табыс етілді.

Сондай-ақ, өңір басшысы қараша айында Жетісудан түлеп ұшқан барша азаматтың басын қосатын жерлестер форумы өтетінін хабарлады.  

"Қараша айында Алматы облысынан түлеп ұшқан барлық инвесторлардың басын қосып, "Менің Жетісуым" атты жерлестер форумын өткізгелі отырмыз. Осы шарадан кейін өңірдегі әлеуметтік жобалар санының еселеп өсетініне сенімдімін", - деп өз сөзін түйіндеді А.Баталов.

Соңғы жаңалықтар
telegram