Алматы облысындағы тау бөктерінде белгісіз адамның мүрдесі табылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы тау бөктерінде белгісіз адамның мүрдесі табылды. Бұл ақпаратты ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің Республикалық жедел-құтқару отряды жетекшісінің орынбасары Виктор Грицай растады.
«Бейтаныс адамның өлі денесі тау шатқалынан табылды. Бұған дейін аяғынан жарақат алған турист осы жерден сәл жоғарырақта табылған болатын. Қазір оқиға орнында жедел-құтқару тобы жұмыс істеп жатыр», - деді Виктор Грицай.
Оның айтуынша, қазіргі сәтте оқиға орнында байланыстың жоқтығынан толыққанды ақпарат алу мүмкін болмай тұр. Бірақ, құтқарушылар денені тапқан. Көп ұзамай оны таудан төмен түсіріп, полиция қызметкерлеріне тапсырады.
Айта кетелік, бұған дейін тау шатқалынан аяғынан жарақат алған туристі құтқарушылар тау қойнауынан алып шыққан болатын.
«Бүгін күндіз 14 сағат 35 минутта ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің Республикалық жедел-құтқару отрядына Аюсай шатқалында бір азаматтың аяғын сындырып алғандығы, оны жедел түрде қалаға жеткізу керектігі туралы хабар келіп түсті.
5 минуттан кейін, құрамында 8 адам және 1 техника бар құтқарушы топ оқиға орнына аттанды. Олар 15 сағат 05 минутта шақырылған жерге келіп жетіп, аяғы сынып жатқан азамат жатқан жерге көтерілді. 15 сағат 40 минутта құтқарушы топ азаматты төмен түсіре бастады. Ал 16 сағат 32 минутта оны ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің Апат медицинасы орталығының қызметкерлеріне тапсырды. Қазір зардап шеккен жігіт дәрігерлердің бақылауында», - деді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов.