Алматы облысының әкімі Вьетнамның Қазақстандағы Елшісімен кездесті

Кездесудегі негізгі мәселе екіжақты серіктестік жұмысын ұлғайту мен өңірге тартылатын инвестиция жайында өрбіді.
Кездесу барысында А.Баталов қонақтарды облыстың тарихымен және өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды. «Алматы облысы еліміздің табиғи ресурстарға бай, инвестициялық климаты тиімді өңірлердің бірі болып саналады. Біздің облыс - агралық өңір, алайда Елбасымыз Н.Назарбаевтың үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында соңғы 5 жылда өңір ауылшаруашылығы өнімдерін өндіретін және өңдейтін аграрлы-өндірістік аймаққа айналды. Сонымен қатар, облыста туристік саланы дамытуға ықпал ететін табиғаттың бірегей туындылары, өзендер мен көлдер орналасқан»,- деді әкім. Кездесуде Нгуен Ван Хоа мырза облыс әкімі А.Баталовтың жылы көңілмен қабылдағандығына өз ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта екіжақты тиімді жұмыстар атқаруды жалғастыра беретіндігін мәлімдеді. Қонақтар тарапынан халықтың басым бөлігіне біркелкі бағамен ұсынылатын «MAREVEN FOOD HOLDING» компаниясының жоғары сапалы тамақ өнімдерінің жобасы көрсетілді. Кездесу соңында облыс әкімі А.Баталов өңірдің инвесторлық жағдайға ыңғайлы аймақ екендігін және бұл бағытта мүмкіндігінше қолдау жұмыстарының жүргізілетіндігін мәлімдеді.