Алматы облысының ІІД-де Тәуелсіздік құрдасы марапатталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының ІІД-де Қазақстан Тәуелсіздігі күнін мерекелеуге арналған салтанатты шара болып өтті.
Салтанатты шараны өткізу барысында қызмет жолында табыстарға қол жеткізген 100-ден астам полиция қызметкері медальдармен, грамоталармен марапатталды. Олардың арасында Талдықорған қалалық ІІБ-да қызмет етіп жүрген полицияның аға лейтенанты Айгерім Жүнісова бар. Қалалық полиция штабының инспекторы А.Жүнісова аталып өтіп жатқан мерекенің құрбысы болып келетіні анықталды - ол 1991 жылдың қараша айының соңында дүниеге келген.
«Қазақстанның жыл өткен сайын беделі артып келеді. Біз еліміздегі саяси тұрақтылықты, достықты, өзара түсіністікті көздің қарашығындай сақтауға міндеттіміз. Біз істеп жатқан істердің барлығы әрбір қазақстандықтың гүлденуі мен әл-ауқаты артуы үшін, болашақ үшін жасалып отыр, сол болашақты қорғау - Тәуелсіздігіміздің құрдастары болып табылатын жастарымыздың ісі», - деп атап өтті өз сөзінде Алматы облыстық ІІД-нің бастығы, полицияның генерал-майоры Мұрат Үрімханов.
Айгерім Жүнісова ҚР ІІМ Алматы академиясының үздік түлегі болып табылады.
Елдің ең маңызды датасын мерекелеуге арналған шара Алматы облыстық ІІД полиция қызметкерлері және оркестрінің ұйымдастыруымен өткен тамаша концертпен аяқталды.