Алматы полицейлері жүргізушілерге қысқы дөңгелекті салып алуды ескертті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полицейлері көлік жүргізушілеріне қысқы дөңгелекке ауысу қажеттігін ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы полицейлері жүргізушілерге қысқы дөңгелекті салып алуды ескертті

Алматылықтар алғашқы қарға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Синоптиктердің болжамына сүйенсек, 29 қыркүйектен 30-ына қараған түні және 1-ші қазан күні Қазақстанның бірқатар аймағында, соның ішінде Алматы облысында қар аралас жаңбыр жауып, ауа температурасы 1-6 градусқа дейін төмендейді.

Полицейлер көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге осы күндері жолда мұқият болуды ескертті.

«Алматы қаласы ІІД жүргізушілерге көліктердің қысқы дөңгелектерін уақытында ауыстырып алу қажеттігін ескертеді. Ең бастысы - жол ержесін қатаң сақтау қажет. Тәртіп пен өзара сыйластық еліміздің ірі қаласында көлік қауіпсіздігін сақтаудың басты факторы», - деді қалалық ІІД-нен.