Алматы полициясы елімізде заңсыз жүрген 177 шетелдікті ұстады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда заңсыз жүрген шетелдіктерді анықтауға арналған «Заңсыз келімсек-2019» жалпыұлттық жедел алдын алу шарасы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы полициясы елімізде заңсыз жүрген 177 шетелдікті ұстады

Алматыда жедел алдын алу шарасы басталды. Акция мегаполисте заңсыз жүрген адамдарды анықтауға және заңсыз көші-қон арналарын тоқтатуға бағытталған. Іздестіру жұмыстары 9 қыркүйектен 12 қыркүйекке дейін жалғасады.

«Рейдтің алғашқы күнінде ҚР көші-қон заңнамасын бұзған 235 адам анықталып, жауапқа тартылды. Оның 177-сі - шетел азаматтары. 46 адамның елде жүріп-тұру мерзімі қысқартылды. 54 азамат сот шешімімен елден шығарылды. Қабылдау және тарату орталығына құжаты жоқ 64 шетелдік орналастырылды. Шетелдіктердің Қазақстанда жүріп-тұру заңдылығын қамтамасыз етпегені үшін 46 қазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен бірге, 12 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзғаны үшін жауап береді», - дейді Алматы қалалық полиция департаментінің көші-қон қызметінің бастығы Асхат Бутунчинов.