Алматыда 125 түп қылқан жапырақты ағаш көшеті отырғызылды
АЛМАТЫ. 17 қараша. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - «Берингер Ингельхайм Фарма Гес мбХ» компаниясының қызметкерлері,
«PosadiDerevo.kz» ерікті қозғалыс өкілдері, денсаулық сақтау органдары, Алматы қаласының Қалалық табиғи ресурстарды басқару және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары бүгін №7 Алматы қалалық клиникалық аурухананың аумағына қылқан жапырақты 125 ағаш көшетін отырғызды.
«Берингер Ингельхайм Фарма Гес мбХ» компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Саша Денисовтың айтуынша, шараның негізгі мақсаты - әлемге көбірек денсаулық сыйлау. «Міне ғасырдан астам уақыттан бері Берингер Ингельхайм компаниясы түрлі аурулардың туындау себептерін зерттеумен, оларды емдеудің барынша жетілдірілген және қауіпсіз әдістерін өңдеумен, адам өмірін құтқару, оның сапасын жақсарту жолдарын іздестірумен шұғылданып келеді. Біз болашаққа сенімді бет аламыз және компанияның Қазақстандағы ғылыми әлеуетін пайдалану арқылы денсаулық сақтау саласын әрі қарай жетілдіре түсіп, дамытуға ықпал етуге болатынына сенеміз», - дейді С. Денисов.
Аталмыш шара медицина мен ветеринарияға арналған инновациялық дәрілік препараттарды әзірлеумен, өндірумен және ғылыми зерттеумен шұғылданып келе жатқан компанияның 125 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған.
Бұл компанияның Қазақстандағы өкілдігі 2007 жылдың 4 қазанында тіркелген, қазір Орталық Азия мен Күнгей Кавказ елдері үшін штаб-пәтер болып отыр.