Алматыда 2014 жылы Қазақстан-Сорбонна француз университеті ашылады
АЛМАТЫ. 17 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ректоры Серік Пірәлиев пен Сорбонна университетінің президенті Жан-Франсуа Жирар Қазақстан-Сорбонна француз университетін ашу туралы меморандумға қол қойды. Бүкіл Орталық Азия елдерінің жастарын қабылдайтын бұл оқу орнының болашағы өте зор.
«120 мың студенті бар Сорбанна университетінде қазір білімнің барлық саласы бойынша мамандар дайындалуда. Сондықтан біз Қазақстан-Сорбонна француз университетінде дайындалатын мамандарды Қазақстанмен бірлесіп таңдап алмақпыз. Ол қазір жан-жақты талқылануда. Биылғы оқу жылында француз профессорларының дәрістер циклі жүргізіледі. 2014 жылдың қаңтар айынан бастап француз оқытушылар тобы қазақстандық студенттермен жұмыс жасай бастайды. Ал студенттерді қабылдау рәсімі қазан айында болады. Оны бітірушілер Қазақстан мен Франция дипломын алады», - деді Жан-Франсуа Жирар. Ал Францияның Франкофония істері жөніндегі министрі Ямина Бенгигидің айтуынша, университетке 600 студент қабылданбақ. 2014 жылғы жаңа оқу жылына дейін дайындық жұмыстары жүргізіліп, француз оқытушылары дайындық курсында француз тілін меңгеруін жетілдіруіне көмектеспек.