Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматыда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды оқу үдерісіне енгізу мәселелері талқылануда

АЛМАТЫ. Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда "Тұрақты даму үшін білім беру: Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды сапалы білім берудің шарты ретінде оқу үдерісіне енгізудің әдіснамалық негіздері" деген тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматыда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды  оқу үдерісіне енгізу мәселелері талқылануда

ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыратын республикалық институттың ұйымдастыруымен өткен конференция жұмысына өз еліміздің, Ресейдің, Түрік елінің ғалымдары, Алматы, Астана және облыстардан келген тәжірибелі педагогтер, әдіскерлер, информатика пәнінің мұғалімдері қатысты.

Конференцияда білім беруді ақпараттандыру жағдайында ақпараттық-коммуникациялық технологияны оқу-тәрбие үдерісіне қолдану мәселелері, жетілдіру мүмкіндіктері, оның білім сапасына әсері мен технологияны қолдану тиімділігі, қала және ауыл мектебінде ашық қашықтықтан оқыту мәселелері, сонымен қатар, маман кадрлардың рөлі мен олардың біліктілігін арттыру жолдары талқыланды. Жиын барысында шет елдік ғалымдар өз тәжірибелерімен бөлісті.

"Шараның мақсаты - тұрақты білім беруді дамытуда ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мүмкіндіктерінің білім сапасына әсерін анықтау. Білім сапасын арттыруға ықпал ету, әсері болуы үшін кез-келген педагог технологияны жақсы меңгеріп, мүмкіндіктерін кәсіби ісінде қолдана алуы керек. Ақпан айында біліктіліктерін арттыруға арналған бағдарлама бекітіліп, аймақтарға жіберілген болатын. Қазіргі уақытта биылғы жаңа оқу жылына ақпараттық-коммуникациялық технологияларды жіті меңгерген 46 педагог дайын. Олар еліміздің 14 облысы мен 4 қаласында дайындалуда. Ал, қалған 54 пайызы болашақтың ісі деп ойлаймын", деді Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыратын республикалық институттың Ақпараттық технология және қашықтықтан оқыту кабинетінің меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, доцент Сәуле Мұхамбетжанова.