Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да студенттер мен түлектердің Салтанат қақпасының іргетасы қаланды
Іргетастың ішіне болашақ ұрпаққа арналған Үндеу жазылған мәтін салынған капсула қойылды.
«Біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы тәуелсіздікті арман етті және Қазақстанның еркін де гүлденген мемлекетке айналуы үшін көп күш жұмсады», - делінген ұрпақтарға арналған Үндеуде.
Униерситет басшылығы Салтанат қақпасының Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде гүлденіп, дамуының және патриотизмнің жарқын символдарының біріне айналатындығына сенім білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасөз қызметінің хабарлауынша, студент жастардың да пікірі бір жерден шығып отыр: тарихын білмеген ұрпақтың болашағы да жоқ.
«Біз, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері, өзіміздің Alma-mater-імізді мақтан тұтамыз. Жастарды университеттің дамуына және Тәуелсіздігімізді сақтауға атсалысуға шақырамыз», - дейді салтанатты шараға қатысқан жастар.
Айта кетелік, таяуда университет қабырғасында болған Түлектер кездесуінде Қазақстанның халық жазушысы, биыл 80 жасқа шыққан көрнекті ақын Олжас Сүлейменов Салтанат қақпасының болашақта жастар үшін «интеллектуалды бағдарға» айналуы мүмкін екендігін айтқан болатын.