Алматыда әлеуметтік тігін цехы ашылды
Тігін шеберханасын ашудың басты мақсаты – әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, Алмалы ауданының көпбалалы және аз қамтылған отбасыларын жұмысқа орналастыру.
«Алмалы ауданының «Бақытты отбасы» орталығымен бірлесіп әлеуметтік тігін цехын аштық. Басты мақсат – әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, аналарды кәсіпке баулу және нарықтың қажеттілігін зерттей білу. «Жібек жолы» бизнес орталығының иесі әлеуметтік бизнес жауапкершілік аясында ғимараттан бір бөлмені тегін беріп отыр», - дейді Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Айнұр Бекжанова
Бүгінгі таңда цехқа 15 көпбалалы ана жұмысқа орналастырылды. Олар тігін өндірісі бойынша тәжірибелі маманның басшылығымен өздерінің практикалық дағдыларын дамыта алады. Сонымен қатар, цех қызметкерлерінде «Қолдау» кәсіпкерлік орталығының «Табысты тігін бизнесін қалай іске қосу керек» атты онлайн оқуынан өту мүмкіндігі бар.
«Тігін цехында оқу және жұмыс істеу кезінде көпбалалы аналар тігін өндірісі бойынша барлық кәсіби құпиялар мен ұсақ-түйектерді үйренеді және өз бизнесін бастап және жүргізе алады»,– деп қортындылады ол.